Наверх
«QazMed» медицина және онымен сабақтас салалар қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» республикалық қоғамдық бірлестігі

Тіліңізді таңдаңыз

2026–2028 жылдарға арналған денсаулық сақтау саласындағы Салалық келісімге қол қойылды

2026 жылғы 9 ақпанда Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінде, ҚР  Денсаулық сақтау министрлігі, «QazMed», «AQNIET», «SENIM» салалық кәсіподақтары және Қазақстан медициналық ұйымдарының альянсы арасында денсаулық сақтау саласындағы 2026–2028 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік жөніндегі Салалық келісімге қол қойылды.

Аталған Салалық келісімге қол қою елдің медицина қызметкерлері мен кәсіподақ қауымдастығы үшін маңызды оқиға болып табылады. Себебі құжат денсаулық сақтау жүйесіндегі әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеудің бірыңғай тәсілдерін бекітеді, медицина қызметкерлерінің еңбек, әлеуметтік-экономикалық және кәсіби құқықтарын қорғауға бағытталған, сондай-ақ мемлекет, жұмыс берушілер және кәсіподақтар арасындағы әлеуметтік диалогты дамыту мен нығайтуға ықпал етеді.

Салалық келісімге қол қою барысында «QazMed» кәсіподағы, құжаттың қолданылу кезеңінде еңбек сапасын әрі қарай арттыруға және денсаулық сақтау қызметкерлерінің әлеуметтік қорғалу деңгейін күшейтуге бағытталған қосымша шарттарды енгізу жөнінде бастама көтерді.

Жұмыс тобы құрамындағы жұмыстың қорытындысын шығара отырып, «QazMed» кәсіподағы кәсіподақ мүшелерімен кездесулерде және «QazMed» Атқару комитетінің отырыстарында айтылған ұсыныстар мен шешімдерді Салалық келісімге енгізу үшін барлық қажетті шараларды қабылдағанын сеніммен айтуға болады, атап айтқанда:

✔️ Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандарының, бактериологиялық зертханалар қызметкерлерінің, вирусологтардың, сондай-ақ денсаулық сақтау саласы бойынша даярланған (оның ішінде қоғамдық денсаулық сақтау, гигиена және эпидемиология, медициналық-профилактикалық және медициналық-биологиялық іс, зертханалық диагностика және сабақтас мамандықтар) мамандардың лауазымдық айлықақылары мәселесінде оң өзгерістерге қол жеткізілді.

✔️ Сонымен қатар меншік нысандары әртүрлі ұйымдар қызметкерлерінің, оның ішінде шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындардың еңбекке ақы төлеу жүйесіне қатысты ережелер нақтыланды.

✔️ Инфекциялық қызметте жұмыс істейтін дәрігерлерге, орта және кіші медицина қызметкерлеріне, сондай-ақ санитарларға (соның ішінде шаруашылық мейіргерлеріне) еңбек жағдайларының ерекшелігіне байланысты қосымша ақы белгілеу мәселесі де пысықталды.

✔️ «Мейіргер ісі» мамандығы бойынша қолданбалы бакалавриат мамандарының еңбекақысын реттейтін нормалар Салалық келісімге енгізілді. Бұл білім деңгейі мен кеңейтілген функционалдық міндеттерін ескере отырып, мейіргерлердің жалақысын саралау қажеттілігімен байланысты.

✔️ Бұдан бөлек, «QazMed» бастамасымен медициналық емес білімі бар қызметкерлерге — химиялық, биологиялық, педагогикалық, инженерлік және өзге де бағыттар бойынша — қатысты өзгерістер енгізілді. Құжатта мұндай мамандардың нақты тізбесі айқындалып, оның ішінде психологтар, логопедтер, әлеуметтік қызметкерлер, лаборанттар, химиктер, зоологтар, биологтар, инженерлер және басқа да қызметкерлер қамтылды.

Сонымен қатар Салалық келісімнің кешенді сипатын және әлеуметтік әріптестіктің барлық тараптарының ұстанымдарын келісу қажеттігін ескере отырып, талқылау барысында «QazMed» ұсынған жекелеген ұсыныстар қазіргі кезеңде құжат мәтінінде көрініс таппады.

«QazMed» қолданыстағы Салалық келісім шеңберінде жүйелі жұмысын жалғастырып, әлеуметтік диалог пен келіссөз тетіктерін пайдалана отырып, аталған ұсыныстарды кезең-кезеңімен қарастыру және белгіленген тәртіппен келісімге енгізу мүмкіндігін қамтамасыз ету бағытында жұмыс жүргізеді.