5 желтоқсанда «QazMed» салалық кәсіподағының төрағасы Матишев Алиақпар Болатұлы Ақтөбе облысына жасаған жұмыс сапарын Ақтөбе обаға қарсы станциясына барумен аяқтап, мекеме басшылығы және ұжымымен кездесті.
Кездесу мазмұнды өтті: бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері бүгін бүкіл ел бойынша мыңдаған қызметкерді алаңдатып отырған бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Олардың қатарында — еңбекақы деңгейі, медицина білімі жоқ мамандарға қосымша төлемдер, бактериологиялық және эксперименттік зертханалардың қызметкерлеріне, сондай-ақ күн сайын инфекция ошақтарына шығып, қауіп-қатерге баратын жылжымалы бригадалардың жүргізушілеріне берілетін үстемақылар мәселесі бар. Әкімшілік қызметкерлерінің төмен жалақысы да назардан тыс қалмады.
Көтерілген барлық мәселелер тіркеліп, кәсіподақтың алдағы жұмысының негізіне айналады.
Сапар қорытындысы бір нәрсені айқын көрсетті: егер Денсаулық сақтау министрлігі санитариялық-эпидемиологиялық қызмет жұмыскерлерінің мәселелеріне назар аудармаса, бұл болашақта қоғамда үлкен резонанс туғызуы мүмкін. Әңгіме ереуілдер немесе ұжымдық шағымдар туралы емес.
Негізгі қауіп — кадр тапшылығы. Төмен жалақы салдарынан қызметтен мамандардың кетуі байқалып отыр, ал бұл мемлекетке эпидемиологиялық сын-қатерлерге жедел жауап беру қабілетіне тікелей әсер етеді. Болашақта қарапайым дератизация жұмыстарын жүргізуге де мамандар жетіспей қалуы ғажап емес.
Бұрын эпидемиологиялық және зооноздық бақылау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып саналатын.
Алайда соңғы жылдары бұл сала назардан тыс қалып, шетке ысырыла бастады. Бұл әсіресе алаңдатарлық жайт, тарих сабақтарын ескерсек, пандемия Қазақстандағы эпидемиологтардың жетіспеуін көрсетті.
«QazMed» салалық кәсіподағы қызметкерлер көтерген мәселелерді мемлекеттік органдарға жүйелі түрде жеткізіп, еңбек жағдайларын жақсартуға қол жеткізуді мақсат етеді.
Кездесудің соңында жылы сәтке де орын беріліп, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында «QazMed» РҚБ төрағасының Құрмет грамотасы кәсіби адалдығы, еңбектегі жауапкершілігі, ұжымшылдығы және белсенді азаматтық ұстанымдары үшін
- Шаимова Жанна Шотпаевнаға;
- Досниязова Гүлара Гарифуллаевнаға;
- Дощанов Амандыққа;
- Құрманбаева Самал Мұратқызына;
- Жаймахова Айнұр Жақсылыққызына;
табыс етілді.