Алғашқы ұйымдардың мүшелерімен кездесулер – РҚБ "Qazmed" құрамындағы кәсіподақ бірлестіктерінің қызметіндегі негізгі бөлік.
Осы жұмыс аясында "Ақмола облысының денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің "SENIM" жергілікті кәсіподағы" ҚБ төрағасы Серік Какенов Көкшетау қаласындағы «VIAMEDIS» ЖШС филиалының жаңадан сайланған кәсіподақ комитеті мүшелерімен кездесу өткізді.
Іс-шараға сондай-ақ Ақмола облысы Кәсіподақ орталығының АКБ құрамындағы Заң клиникасының маманы Сүлеймен Байтлеу қатысты. Ол кәсіподақ қызметін реттейтін қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілер туралы толық ақпарат беріп, ұжымдық шартты әзірлеу және бекіту бойынша маңызды аспектілерді түсіндірді. Сонымен қатар, кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен міндеттері туралы баяндады.
Серік Қабдушұлы қатысушыларды ел мен өңірдегі кәсіподақ ұйымдарының құрылымымен таныстырып, SENIM жергілікті кәсіподағының қызметі туралы айтып берді. Ол кәсіподақтың басым бағыттарының бірі ретінде денсаулық сақтау жүйесіндегі өзгерістерді, атап айтқанда, категориялық жүйені енгізу және кәсіби жауапкершілікті сақтандыруды атады.
«Біз әрбір кәсіподақ мүшесі өздерін кәсіби де, әлеуметтік те тұрғыдан қорғалған сезінуі үшін жұмыс істейміз», — деп атап өтті Серік Какенов. Сонымен қатар, ол «Медицина және онымен сабақтас салалар қызметкерлерінің "QazMed" салалық кәсіподағы» РҚБ бірлесіп, тәуекелдерді азайту және еңбеккерлердің мүдделерін қорғау мақсатында нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіру жұмыстарының жүргізіліп жатқанын айтты.
Сонымен бірге, Серік Какенов жақында Степногорск қаласына барып, «VIAMEDIS» ЖШС филиалының алғашқы кәсіподақ ұйымының жаңадан сайланған төрағасы Арман Жетпісбаевпен және бұрынғы төрайымы Виктория Синдякинамен кездесу өткізді.
Кездесу барысында алғашқы кәсіподақ ұйымының қызметі, ағымдағы жылға арналған жоспарлар, жеке медицинаны дамытуға әсер ететін мәселелер, сондай-ақ кәсіподақ мүшелерін сауықтыру мәселелері талқыланды.
Серік Қабдешұлы "SENIM" жергілікті кәсіподағының Атқару комитеті атынан Виктория Вадимовнаға көпжылдық адал еңбегі және кәсіподақ мүшелерінің мүдделерін қорғаудағы еңбегі үшін алғыс білдірді.
Сондай-ақ ол Арман Жетпісбаевқа кәсіподақ мүшелерінің мүдделерін қорғауда және медициналық ұйымдағы кәсіподақ қозғалысын дамытуда сәттілік тіледі.