30 қазан күні Алматы қаласында «Бастауыш кәсіподақ ұйымдарының қызметіндегі өзекті мәселелер» тақырыбында республикалық семинар-кеңес өтті. Іс-шараны «QazMed» салалық кәсіподағы еліміздің өңірлерінен келген бастауыш кәсіподақ ұйымдарының өкілдері үшін ұйымдастырды. Сонымен қатар жиынға бірқатар медициналық мекемелердің басшылары да қатысты.
«QazMed» РҚБ төрағасы Алиақпар Болатұлы Матишев алғы сөзінде бастауыш кәсіподақ ұйымдарын дамыту салалық кәсіподақ қызметінің негізгі бағыттарының бірі екенін ерекше атап өтті:
«Бастауыш ұйымдар – кәсіподақ қозғалысының негізі. Олардың белсенділігі, кәсібилігі және еңбек ұжымдарымен өзара байланысы кәсіподақ жұмысының нәтижелілігіне тікелей әсер етеді», – деді Алиақпар Матишев.
Өз баяндамасында төраға кәсіподақтың ағымдағы жұмысына тоқталып, алдағы кезеңге арналған басым бағыттарды айқындады және өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдарын атап өтті.
Семинар барысында қатысушылар «QazMed» РҚБ төраға орынбасары, кәсіподақ қозғалысының қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқан Михаил Андреевич Копыловты еске алды.
Іс-шара кезінде «QazMed» мамандары кәсіподақ қызметінің негізгі бағыттары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.Атап айтқанда, Еңбек қатынастарындағы тұрақтылықтың негізі болып табылатын Салалық және Ұжымдық шарттардың маңызы, статистикалық есеп жүргізу тәртібі және кәсіподақтардың құқықтық пен ұйымдастырушылық қызметіне қатысты басқа да өзекті мәселелер қарастырылды.
Семинардың келесі бөлімін құқық магистрі, Алматы қалалық кәсіподақтар орталығының заңгері Садыкова Мадина Эдуартовна жалғастырды. Ол Келісу комиссиясын құру мен оның жұмыс тәртібіне тоқталып, жеке еңбек дауларын сотқа дейін реттеу алгоритмдерін егжей-тегжейлі түсіндірді.
Өткен семинар тәжірибе алмасу, практикалық мәселелерді талқылау және түрлі деңгейдегі кәсіподақ ұйымдарының өзара ынтымақтастығын нығайту үшін тиімді алаңға айналды.
Бұл шара кәсіподақтардың белсенді ұстанымы қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуде және денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің құқықтарын қорғауда маңызды рөл атқаратынын тағы бір мәрте дәлелдеді.