Наверх
«QazMed» медицина және онымен сабақтас салалар қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» республикалық қоғамдық бірлестігі

Тіліңізді таңдаңыз

Ардагерлер – ұрпақ сабақтастығының тірегі

Қазақстан кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығына және «DENSAULYQ» Денсаулық сақтау ұйымдары жұмыскерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 6 жыл толуына орай, 12 қараша күні Шымкент қаласында ерекше мазмұндағы тағылымды іс-шара өтті. Бұл күні медицина саласының ардагерлері мен қазіргі буын өкілдері бас қосып, денсаулық сақтау саласындағы кәсіподақ қызметінің дамуы мен ұрпақ сабақтастығы жайлы ой бөлісті.

Іс-шараның шымылдығын «DENSAULYQ» кәсіподағының төрағасы, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы Бас кеңесі мүшесі Катбаев Сакен Арыстанұлы құттықтау сөзімен ашты. Ол өз сөзінде кәсіподақтың басты миссиясы - қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғау, кәсіби қолдау көрсету екенін айта отырып, медицина саласының дамуына үлес қосқан ардагерлерге алғысын білдірді.

Сөз алған «QazMed» салалық кәсіподағының төрағасы Матишев Алиақпар Болатұлы кәсіподақтың тек еңбек құқықтарын қорғау ғана емес, сонымен қатар бірліктің, табандылықтың және әділет принциптеріне адалдықтың символы екенін атап өтті, сондай-ақ әлеуметтік әріптестік жүйесін дамыту маңызды екенін ерекше атап көрсетті. «Кәсіподақ қозғалысының әрбір қадамы – мыңдаған адамдардың еңбегімен лайықты құрметке ие болған жолы», – деді ол. Алиақпар Матишев ардагерлерге, денсаулық сақтау жүйесінің бастауларында тұрған және өз білімін келесі мамандар буынына жеткізгендеріне айрықша алғысын білдірді.

Сонымен қатар жиынға еліміздің әр өңірінен келген беделді қонақтар - мемлекеттік қайраткер, «QazMed» салалық кәсіподағының кеңесшісі, Біртанов Елжан Амантайұлы, ол өз сөзінде медицина ардагерлеріне олардың жанқиярлық еңбегі, төзімі және мамандығына берілгендігі үшін шынайы алғысын білдірді. Медицина ғылымдарының кандидаты Муминов Марат Аширұлы, Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары Бахтыбаев Айдар Файзуллаұлы, сондай-ақ «ОҢТҮСТІК» жергілікті кәсіподақ ұйымының төрағасы Макашева Любовь Абдусаматқызы, Түркістан облысы спортшылар мен спорт саласы қызметкерлерінің жергілікті кәсіподақ ұйымының төрағасы Кондыбаев Шадияр Алжанұлы, «QazMed» РҚБ Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Махашов Нұрлан Оразқұлұлы және салалық бірлестіктердің басшылары қатысып, медицина саласының өзекті мәселелері мен ардагерлердің еңбегі туралы пікірлерін білдірді.

Сахна төрінде ардагерлерге құрмет көрсетіліп, гүл шоқтары мен сыйлықтар табысталды. Жас мамандар ардагерлерге алғыс білдіріп, ізгі ниеттерін жолдады. Бұл - ұрпақтар сабақтастығының нақты көрінісі болды.

Сонымен қатар, тағы бір қуанышты сәт болды: «ОҢТҮСТІК» жергілікті кәсіподығының төрағасы Любовь Абдусаматқызы Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар Федерациясының мерейтойлық медалімен марапатталды.

Шара соңында Катбаев Сакен Арыстанұлы қорытынды сөз сөйлеп, бұл бас қосудың маңыздылығына тоқталып, ардагерлерге денсаулық, жас мамандарға табыс тілеп, қатысушыларға алғыс білдіріп, жүйелі түрде кездесуге шешім қабылдады.

Ұйымдастырылған шара - ардагерлердің тәжірибесі мен ақыл-кеңесі қазіргі буын үшін баға жетпес қазына екенін ұғындырған тағылымды кездесу болды. Ардагерлерге деген шынайы ілтипат - қоғамның адамгершілік деңгейінің көрінісі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Мұндай игі бастамалар - денсаулық сақтау саласындағы бірлік пен үздіксіз даму кепілі.