2025 жылғы 19 ақпанда «QazMed» медицина және онымен сабақтас салалар қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әлиакпар Болатұлы Матишев пен кәсіподақ кеңесшісі Елжан Амантайұлы Біртанов Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барды. Делегация құрамында «QazMed» Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Нұрлан Оразқұлұлы Махашов та болды. Сапар аясында кәсіподақ басшылары облыс әкімдігі, медицина қызметкерлері және кәсіподақ жетекшілерімен кездесіп, денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелерін талқылады.
Іссапар бағдарламасы Жамбыл облысы әкімдігіне барудан басталды. Кәсіподақ өкілдері облыс әкімінің орынбасары Серік Жақсылықұлы Сәлемовпен кездесіп, өңірдегі денсаулық сақтау жүйесін дамыту, медицина қызметкерлерінің әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз ету және мемлекеттік медициналық мекемелердегі еңбек жағдайларын жақсарту мәселелерін талқылады. Кездесу барысында кәсіподақ пен жергілікті атқарушы органдар арасындағы серіктестік маңыздылығы атап өтілді.
Одан кейін «QazMed» делегациясы Жамбыл облыстық перинаталдық орталығына барып, денсаулық сақтау мекемелерінің басшыларымен, дәрігерлермен, медбикелермен және кәсіподақ белсенділерімен кездесті. Кездесуге қала мен аудан ауруханаларының өкілдері онлайн форматта қосылды. Талқылау барысында медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайлары, жетістіктері, болашақ жоспарлары және кәсіподақтың даму стратегиясы сөз болды.
Өз сөзінде Әлиакпар Матишев «QazMed» кәсіподағының басты мақсаты – медицина қызметкерлерінің әлеуметтік құқықтарын қорғау және денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге ықпал ету екенін атап өтті. Ол дәрігерлер мен медбикелердің қолайлы еңбек жағдайларын жасау, құқықтық және әлеуметтік қорғалуын күшейту қажеттігіне ерекше мән берді.
Ал Елжан Біртанов кәсіподақтың негізгі миссияларының бірі – медицина қауымдастығындағы өзекті мәселелерді анықтап, оларды жедел шешу екенін айтты. Ол медицина қызметкерлерінің еңбек құқықтарын қорғау және лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету «QazMed» кәсіподағының тұрақты басымдығы болып қала беретінін жеткізді.
Жұмыс сапары Жамбыл облыстық ауруханасы, Байзақ ауданының орталық ауруханасы, Тараз қалалық ауруханасы, Қан орталығы және Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасының ұжымдарымен кездесумен жалғасты. Барлық кездесулер ашық диалог форматында өтті. Медицина қызметкерлері өз мәселелері мен ұсыныстарын еркін білдірсе, кәсіподақ өкілдері оларға нақты жауап беріп, бірлескен шешім жолдарын ұсынды.
Осы күні кездесулерге жалпы 3 500-ден астам адам қатысты.
Іссапардың қорытындысы бойынша «QazMed» кәсіподағының басшылығы Жамбыл облысындағы медицина қызметкерлерімен тығыз байланыс орнатты. Ашық сұхбат алаңында көтерілген барлық мәселелер кәсіподақтың ерекше бақылауында болады. Кәсіподақ жетекшілері медицина саласы мамандарының құқықтарын қорғауды және олардың еңбек жағдайларын жақсартуға бағытталған белсенді жұмысты жалғастыратынын атап өтті.