2025 жылғы 7 тамызда Астана қаласы әкімдігінің «Қалалық фтизиопульмонология орталығы» ШЖҚ МКК медициналық ұжымның «QazMed» салалық кәсіподағы төрағасы мен кеңесшісі Алиақпар Болатұлы Матишев және Елжан Амантайұлы Біртановпен кездесуі өтті.
Кездесудің басты мақсаты – қызметкерлерді «QazMed» кәсіподағының қызметімен таныстыру, сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесіндегі өзекті мәселелерді талқылау болды.
Өз сөзінде Алиақпар Матишев кәсіподақтың құрылу тарихы мен негізгі жұмыс бағыттары туралы баяндап берді. Оның айтуынша, қазіргі жағдайда «QazMed» кәсіподағы үшін ең басты басымдық – медицина қызметкерлерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау болып қала береді. Сонымен қатар, төраға 2025 жылдан бастап іске қосылған «90/10» пилоттық қаржылық моделі туралы хабардар етті. Бұл модельге сәйкес, мүшелік жарналардың 90%-ы бастапқы кәсіподақ ұйымының деңгейінде қалады, ал тек 10%-ы жоғары тұрған құрылымға бағытталады.
Мұндай жүйе ұжымдарға қаражатты өз қажеттіліктеріне қарай басқаруға және күнделікті мәселелерді шешуге кең мүмкіндік береді. Осылайша, «QazMed» кәсіподағының негізгі мақсаттарының бірі – шешім қабылдаудың басты орталығы ретінде бастапқы ұйымдарды нығайтуға қол жеткізіледі.
Өз кезегінде Елжан Біртанов медицина қызметкерлеріне қажырлы еңбегі үшін алғыс айтып, денсаулық сақтау саласындағы қазіргі жағдай жөнінде өз пікірін білдірді. Ол кәсіподақтардың медицина қызметкерлерінің құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы маңызын атап өтіп, мемлекеттік органдар мен кәсіподақ бірлестіктері арасындағы сындарлы ынтымақтастықтың қажеттігін жеткізді.
Спикерлер қазіргі уақытта медицина қызметкерлерінің салалық кәсіподақтары арасында кәсіподақ қозғалысын дамыту, дәрігерлердің құқықтарын заңнамалық деңгейде қорғау сияқты мәселелер бойынша ортақ ұстанымның жоқтығын атап өтті. Ынтымақтастыққа барудан бас тарту мен келіспеушіліктер медицина саласы мамандарының жағдайына теріс әсерін тигізуде.
«QazMed» кәсіподағы ұсынған үш салалық кәсіподақты бір ортақ ұйымға біріктіру бастамасы, өкінішке қарай, өзге кәсіподақ ұйымдарының қолдауына ие болмады.
Кездесу соңында медицина қызметкерлері кәсіподақ қызметіне қатысты өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тиісті жауаптар алды.