«QazMed» салалық кәсіподағының өкілдері мен медицина қызметкерлері арасындағы кездесулер барысында учаскелік дәрігерлер мен медбикелерге өздерінің кәсіби міндеттеріне кірмейтін қосымша жұмыстар жүктеліп отырғаны бірнеше рет көтерілді. Атап айтқанда, азаматтарды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне тарту бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу мәселесі туралы сөз болып отыр.
Мұнда орынды сұрақ туындайды: елеулі әкімшілік, ұйымдастырушылық және ақпараттық ресурстары бола тұра, неге Денсаулық сақтау министрлігі мен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры азаматтарды МӘМС жүйесіне тарту міндетін медицина қызметкерлеріне жүктейді? Мұндай тәжірибе мамандарды негізгі емдеу-диагностикалық жұмыстарынан алаңдатып, олардың жұмыс жүктемесін арттырады.
Айта кету керек, алғашқы медициналық-санитарлық көмек (АМСК) ұйымдары жақын уақытқа дейін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан (ӘМСҚ) әрбір тіркелген пациент үшін, оның МӘМС жүйесіндегі мәртебесіне және медициналық көмекке жүгіну фактісіне қарамастан, кешенді жан басына шаққан норматив (КЖН) түрінде төлем алып келген. Алайда бұл мәселенің түпкі мәнін – медицина қызметкерлеріне тән емес міндеттердің жүктелуін шешпейді.
Сондай-ақ, 2025 жылғы 1 қазаннан бастап жаңа норма күшіне енді. Соған сәйкес, АМСК желісі бойынша қаржыландыру көлемі қысқарады: тіркелген, бірақ сақтандырылмаған азаматтар үшін төлем КЖН 90% мөлшерінде, ал егер пациент жыл бойы медициналық көмекке жүгінбесе – тек 80%-ы мөлшерінде төленеді.
Бұл төмендету коэффициенттерінің енгізілуі медициналық ұйымдардың қаржыландыру көлемін азайтып, емханалардың қаржы тапшылығына ұшырауына әкелуі мүмкін.
Жаңа ережелер жалпы денсаулық сақтау жүйесінің өзіне де қауіп төндіреді. Қаржыландыру азайған жағдайда, төлемдердің қысқаруын болдырмау мақсатында жалған жүгінулер немесе «қосып жазу» тәжірибесі пайда болуы ықтимал.
Мұның салдарынан есептіліктің шынайылығы мен медициналық көмектің сапасына кері әсер ету қаупі бар.
«QazMed» салалық кәсіподағы МӘМС жүйесіндегі жауапкершілік бөлінісіне қатысты тәсілді қайта қарау және алғашқы буын денсаулық сақтау ұйымдарының қаржыландыру тетіктерінде әділдік қамтамасыз етілуі қажет деп санайды.