Түркістан облысында «Бірінші сыныпқа бірінші рет!» қайырымдылық акциясы жалғасын тапты. Аталмыш акция «DENSAULYQ» денсаулық сақтау ұйымдары жұмыскерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен 2021 жылдан бері тұрақты ұйымдастырылып келеді.
Мектеп жолының басталуы - бұл баланың өміріндегі жаңа кезең ғана емес, сонымен бірге олардың білім алу және қоғамға сіңісудің алғашқы қадамы. Оқу жылының басталуына байланысты әсіресе көпбалалы, жас отбасыларда балалардың қажеттіліктерін өтеу ата-анаға қиындықтар тудырып жатады. Сол себепті де мұндай іс-шаралар көп отбасылар үшін маңызды көмек болары сөзсіз.
Бұл жылы 251 оқушыға мектепке керек-жарақтармен толтырылған сөмкелер сыйланды. Жинақта оқу жылы ішінде балаларға қажет болатын кеңсе тауарлары түгелдей бар. Әрине, денсаулық сақтау мекемемелеріндегі кәсіподақ мүшелерінің жас бүлдіршіндер үшін естен кетпестей естеліктер сыйлауға бар жағдай жасалды.
«Балалардың қажеттіліктеріне мұндай көңіл бөлу – олардың болашағына маңызды үлес қосу деген сөз. Оқу құралдарын алған балалар қолдау мен қамқорлықты сезінеді, бұл олардың өзіне деген сенімділігі мен оқу процесіне сәтті бейімделуі үшін де маңызды қадам болуы әбден мүмкін», - деді «DENSAULYQ» денсаулық сақтау ұйымдары жұмыскерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Катбаев Сакен Арыстанұлы.
Акцияға қатысқан П. Монтаева: «Осындай акциялардың ұйымдастырылуы көңіл қуантты, мектеп табалдырығын алғаш аттағалы жүрген баламда қажеттінің бәрі толтырылған сөмкені көріп, қуанышында шек жоқ», - екенін айтып, ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.
«DENSAULYQ» қоғамдық бірлестігі денсаулық сақтау қызметкерлерінің құқықтарын қорғау мәселелерімен белсенді айналысып қана қоймай, әлеуметтік мәселелерді шешуге де көмек көрсетіп келеді.
Алдағы уақытта да «DENSAULYQ» жергілікті кәсіподағының төрағасы Катбаев Сакен Арыстанұлының бастауымен көптеген шараларды өткізуді мақсат етіп отыр.