Наверх
«QazMed» медицина және онымен сабақтас салалар қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» республикалық қоғамдық бірлестігі

Тіліңізді таңдаңыз

Көкшетауда «SENIM» жергілікті кәсіподағының есеп беру-сайлау конференциясы өтті

19 қыркүйек күні Көкшетау Ақмола облысы медицина қызметкерлерінің кәсіподақ өмірінің орталығына айналды. Қалада «QazMed» салалық кәсіподағы құрамына кіретін «SENIM» жергілікті кәсіподағының есеп беру-сайлау конференциясы өтті.

Есеп беру-сайлау конференциясы – ұйымның жоғарғы басқару органы. Бұл жай ғана формалды іс-шара емес, ұйым жұмысының қорытындысы шығарылып, нақты бағаланатын маңызды жиын. Конференцияға аймақтың түкпір-түкпірінен келген 65 делегат қатысып, төраға Серік Қабдушұлы Қақенов басқаратын «SENIM» жергілікті кәсіподағының есепті кезеңдегі қызметіне әділ баға берді.

Конференция «SENIM» жергілікті кәсіподағының Жарғысына сәйкес өткізілді. Жиында кәсіподақ төрағасының есебі, тексеру комиссиясының есебі тыңдалды, «SENIM» жергілікті кәсіподағының төрағасы, Атқару комитетінің жаңа құрамы мен Тексеру комиссиясы сайланды.

Өз баяндамасында Серік Қабдушұлы соңғы 5 жылдағы жұмыстың нәтижелерін ұсынды. Мәселен, осы жылдары «SENIM» жергілікті кәсіподағы медицина қызметкерлерін қорғау мақсатында 9 сот процесіне қатысып, оның 7 мүлтіксіз жеңіп, 2 іс бойынша тараптар келісімге келген. Сонымен қатар 300-ден астам заңгерлік кеңес берілді. Бұдан бөлек, кәсіподақ мүшелеріне әлеуметтік көмек көрсетіліп, мәдени-бұқаралық, спорттық және ынталандыру шаралары ұйымдастырылды. Бұл жұмыстар кәсіподақ қозғалысының орнықты дамуына, беделінің артуына ықпал етті.

Конференция жұмысына құрметті қонақтар қатысты:

Рахметов Қали Сұлтанахметұлы – Ақмола облыстық кәсіподақ орталығының төрағасы;

Смаилов Амангелді Халауденұлы – Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаментінің басшысы, «SENIM» жергілікті кәсіподағының әлеуметтік серіктесі;

Омарханов Серік Сексенбайұлы – Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы;

«QazMed» салалық кәсіподағы тарапынан кәсіподақ қозғалысының көшбасшылары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, медицина саласында көп жылдық тәжірибесі бар беделді өкілдер қатысты:

Матишев Алиақпар Болатұлы – «QazMed» салалық кәсіподағының төрағасы;

Біртанов Елжан Амантайұлы – «QazMed» салалық кәсіподағының кеңесшісі;

Аманжолова Зауреш Джуманәлиевна – «Almaty-QM» денсаулық сақтау ұйымдары қызметкерлерінің Жергілікті кәсіподағының төрайымы.

Катбаев Сакен Арыстанұлы – Түркістан облысы «DENSAULYQ» денсаулық сақтау ұйымдары қызметкерлерінің Жергілікті кәсіподағының төрағасы.

Қонақтар мен делегаттар Серік Қабдушұлының қызметін жоғары бағалап, оның «SENIM» ұйымын басқарудағы еңбегі сөзден гөрі іспен дәлелденіп отырғанын атап өтті. Ол еңбек жолын хирургтан бастап, бас дәрігер, Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметтерін атқарған. Бұл оның кәсіби біліктілігінің, тиімді басқарушылық қабілетінің және халыққа қызмет етуге адалдығының айқын көрінісі. Қазіргі таңда ол облыстық Қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары ретінде өңір үшін маңызды мәселелерді көтеріп, қоғамдық қызметпен де белсенді айналысып жүр.

Есеп беру-сайлау конференциясының қорытындысы бойынша Серік Қабдушұлы Қақенов бірауыздан «SENIM» жергілікті кәсіподағының төрағасы болып қайта сайланды.

«SENIM» кәсіподағының жұмысы – бұл қағаздағы есеп емес, медицина қызметкерлерінің өмірін жақсартатын, бірлікті нығайтатын және кәсіподақ қозғалысының беделін арттыратын нақты істер.