Наверх
«QAZMED медицина және сабақтас салалар қызметкерлерінің салалық кәсіподақ одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі

Тіліңізді таңдаңыз

Кәсіподақ Қазақстан Республикасының Президентіне үндеу жасады

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа

ҮНДЕУ

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
         «QazMed» медицина және онымен сабақтас салалар қызметкерлерінің  65 мың қызметкерлерінің атынан біз соңғы кезде медицина қызметкерлеріне жұмыс бабында қастандық жасау оқиғалалырының жиілеп кетуіне байланысты өз алаңдаушылығымызды білдіргіміз келеді.
         Дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерін балағаттау, оларды ұрып-соғу оқиғалары жыл санап көбейіп барады. Осындай сипаттағы оқиға 20 қыркүйек күні Алматы облысы Талғар қалалық ауруханасында болды. Онда қайтыс болған науқастың туыстары жансақтау бөліміне басып кіріп, реаниматолог-дәрігер мен орта буын медициналық қызметкерді ауыр соққыға жыққан.
         Қазір екі медициналық қызметкер ауыр халде интенсивтік терапия бөлімінде емделіп жатыр. Мұндай жағдайларға мемлекет қатаң тосқауыл қоюы керек деп санаймыз.
         Өкінішке орай, бұл дәрігерлерге қарсы бірінші қастандық емес. Мұндай оқиғалар ауруханаларда, емханаларда, жедел жәрдем қызметінде жиі болып тұрады. 2022 жылы Алматыда науқас елге танымал, беделді дәрігер-гастроэнтологты көпшілік жерде атып өлтірді.
        Әлбетте, адам өлімі оның жақындары үшін ауыр эмоционалдық соққы екенін, осындай жағдайда олар өз-өздерін ұстай алмай, түрлі әрекетке баруы мүмкін екенін жақсы түсінеміз. Бірақ адам өмірі үшін айқасатын дәрігерлер қауымына қарсы әлімжеттік жасауға ешкімнің қақысы жоқ деп есептейміз. Медициналық қызметкерлер қаншалықты күш салғанмен, барлық науқасты ажалдан құтқара алмайтыны өмір заңдылығы.
       Талғардағы оқиғаның тағы бір сұмдығы – марқұмның туыстары өте ауыр науқастар, соның ішінде жас балалар жатқан жансақтау бөлімшесінің есік-терезесін сындырып  кіріп, мәйітті алып кеткен. Біз  бұл әрекетті шектен шыққан сорақылық деп санаймыз. Егер Қылмыстық Кодекс деңгейінде тиісті өзгерістер енгізіліп, қатаң жазалар қаралмаса, мұндай бассыздық одан әрі жалғасып, қалыпты жағдайға айналатыны анық.
        Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Осыны ескере отырып, келесі шараларды қабылдауыңызды өтінеміз:
1.    Аталмыш оқиғаның тергелуін жеке бақылауыңызға алуыңызды;
2.    Қазақстан Республикасы Үкіметіне «Кәсіби және қызметтік міндеттерін орындау барысында медицина қызметкерлерін қорғауды қамтамасыз ету туралы» Заң жобасын дайындау туралы тапсырма беру.

Съезд мүшелерінің атынан «QazMed»  медицина және онымен сабақтас салалар қызметкерлерінің кәсіподағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы    Ә.Б.Матишев