Қазақстан кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығы және Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының 35 жылдығымен тұспа-тұс келген Кәсіподақтар күні биыл ерекше маңызға ие болды.
Аталған іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі, «DENSAULYQ» денсаулық сақтау ұйымдары жұмыскерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сакен Катбаев, кәсіподақ ардагерлері және өңірдегі кәсіподақ ұйымдарының мүшелері мен белсенділері қатысты.
7 қазан күні Түркістан қаласындағы «Ұлы Дала Елі» орталығында кәсіподақ мүшелерін марапаттау салтанаты өтті. Іс-шараға өңірдің салалық және аумақтық кәсіподақ ұйымдары қатысып, жыл бойы елеулі еңбек еткен қызметкерлерге төс белгілер, марапаттар табысталды.
Іс-шарада «DENSAULYQ» денсаулық сақтау ұйымдары жұмыскерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сакен Арыстанұлы барша кәсіподақ мүшелерін кәсіби мерекемен құттықтап, олардың қоғамдағы орны мен еңбегінің маңыздылығын атап өтті:
— «Кәсіподақ – әділдік пен бірліктің тірегі. Біз үшін ең басты мақсат – әрбір қызметкердің құқықтарын қорғап, еңбек жағдайын жақсарту. Бүгінгі марапаттар – жыл бойғы табанды еңбектің және кәсіподақ қозғалысына қосқан үлестің лайықты бағасы. Баршаңызға еңбекте табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін», – деді ол өз құттықтау сөзінде.
Салтанатты жиында кәсіподақ ұйымының белсенді қызметкерлері марапатталып, олардың адал еңбегі мен бастамашылдығы ерекше аталды.
Іс-шара соңында кәсіподақ төрағасы Сакен Арыстанұлы кәсіподақ қозғалысының ел болашағы үшін маңызын тағы да атап өтіп, барша еңбек адамдарына ризашылығын білдірді.
— «Кәсіподақтар күні – бұл тек кәсіби мереке емес, адам еңбегіне деген құрмет пен қоғамдағы әділдікке деген сенім мерекесі. Біз алдағы уақытта да еңбек адамын қолдау, әлеуметтік қорғау және кәсіподақ қозғалысын дамыту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырамыз», – деді ол өз сөзінің қорытындысында.