2025 жыл елімізде Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланып, осыған орай еңбек адамының мәртебесін арттыруға, әлеуметтік әділеттілік пен кәсіби дамуына жағдай жасауға бағытталған ауқымды шаралар қолға алынды. Осы ретте еліміздің барлық өңірінде Кәсіподақтар Федерациясының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Мамандықтардың 120 ізгі істері» атты кең ауқымды еңбек акциясы ерекше маңызға ие болып отыр. Акция аясында әртүрлі сала мамандары кәсіби консультациялар, шеберлік сабақтары, жас мамандарға тәлімгерлік көрсету және еңбек ардагерлеріне қолдау көрсету сияқты ізгі іс-шараларды белсенді түрде ұйымдастыруда.
Осы игі бастама Қазақстан кәсіподақ қозғалысының 120 жылдық мерейтойымен үндесіп, еңбек адамына деген шынайы құрмет пен әлеуметтік әділеттілікті іспен дәлелдеудің жарқын үлгісіне айналды. Осы бағытта Түркістан өңіріндегі «DENSAULYQ» денсаулық сақтау ұйымдары жұмыскерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі де жүйелі жұмыстар жүргізіп, нақты нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Кәсіподақ ұйымының бастамаларында әлеуметтік қолдау көрсету, кәсіби даму, еңбек қауіпсіздігі мен ардагерлерге қамқорлық мәселелері басты орында тұр. Бұл - тек сөз жүзіндегі емес, нақты іске айналған жүзден астам ізгі әрекеттің жиынтығы.
Кәсіподақ мүшелеріне көрсетілетін әлеуметтік қолдау көрсету шаралары жыл сайын тұрақты түрде жалғасып келеді. Мысалы, Наурыз мерекесі қарсаңында кәсіподақ мүшелеріне азық-түлік себеттері табысталуы - дәстүрге айналған жақсы үрдіс. Ал жаңа оқу жылы алдында өткізілетін «Бірінші сыныпқа - бірінші рет» қайырымдылық акциясы аясында бірінші сыныпқа баратын балаларға мектепке қажетті құрал-жабдықтар салынған сөмкелер беріледі. Аталған екі бағыт бойынша көрсетілетін көмек жыл сайын 1000-ға жуық кәсіподақ мүшесін қамтиды, бұл - кәсіподақтың әлеуметтік әділеттілікке бағытталған нақты қадамының айқын көрінісі.
Сонымен қатар, кәсіподақ ұйымының маңызды басымдықтарының бірі - еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру. Бұл бағытта жыл сайын түрлі оқыту іс-шаралары ұйымдастырылады. Атап айтқанда, «Қауіпсіздік және еңбек қорғау» курсы аясында өндірістік ортадағы еңбек қорғау талаптары тереңдетіліп оқытылады. «Еңбек даулары және оларды шешу тәртібі» тақырыбындағы семинарда келісу комиссияларының жұмысы, еңбек заңнамасының негізгі тетіктері мен қызметкерлердің құқықтары түсіндіріледі.
Сондай-ақ, «Медицина қызметкерлерін қорғау» тақырыбындағы тәжірибелік семинар еңбек қатынастары саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға арналған маңызды алаңға айналды. Аталған оқу семинарлары жыл сайын 500-ге жуық қызметкерді қамтып, олардың кәсіби және құқықтық деңгейін арттыруға ықпал етіп отыр.
Бұдан бөлек, кәсіподақ ұйымының жұмысында еңбек ардагерлеріне қамқорлық жасауға да ерекше көңіл бөлінеді. Кәсіподақ ұжымы ардагерлермен жүйелі түрде кездесулер ұйымдастырып, оларға материалдық және рухани қолдау көрсетеді. Бұл - аға буынның еңбегін бағалап, жас мамандарға өнеге көрсететін маңызды қадам. Ардагерлерге құрмет көрсету ұрпақтар сабақтастығын сақтау мен кәсіподақтың адамгершілік қағидаттарын дәріптеудің бір көрінісі.
Бүгінде «DENSAULYQ» жергілікті кәсіподағының төрағасы Катбаев Сакен Арыстанұлының бастамасымен кәсіподақ қызметі жаңа сапалық деңгейге көтерілді. Ол кәсіподақ мүшелерімен тұрақты кері байланыс орнатып, еңбек жағдайларын зерделеу, жалақы мен әлеуметтік жеңілдіктер мәселелерін көтеру, ұжымдық келісімдерді жетілдіру бағытында нақты жұмыстар атқаруда. Бұл бастамалар кәсіподақ қызметінің заманауи талаптарға сай тиімді ұйымдастырылып отырғанының дәлелі. Оның тынымсыз еңбегі мен стратегиялық көзқарасының арқасында «DENSAULYQ» жергілікті кәсіподағы өңірдегі ең белсенді және сенімді ұйым ретінде қалыптасып, республикалық деңгейде оң бағаланып отыр.
Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысының 120 жылдық тарихы - еңбек адамының құқығын қорғауға арналған табанды күрестің айғағы. Бүгінгі күні «DENSAULYQ» жергілікті кәсіподағы осы тарихи жолды лайықты жалғастырып, әлеуметтік қолдау көрсету, кәсіби даму, еңбек қауіпсіздігі мен ардагерлерге қамқорлық бағытындағы нақты істерімен кәсіподақ қозғалысының қоғамдағы маңызын арттыра түсті. Бұл іс-шаралар еңбек адамын құрметтеу мен қолдаудың нақты үлгісі бола отырып, кәсіподақтың болашаққа сенімді қадам басып келе жатқанын дәлелдейді.