Наверх
«QazMed» медицина және онымен сабақтас салалар қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» республикалық қоғамдық бірлестігі

Тіліңізді таңдаңыз

Медицина қызметкерлерінің балаларына қолдау - «QazMed» мүшелік ұйымдарының назарында

«DENSAULYQ» кәсіподағы Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы медицина қызметкерлерінің балаларына «Бірінші сыныпқа – бірінші рет» атты акциясы өткізіліп, 256 бірінші сыныпқа баратын балаларға қажетті толық мектеп құралдары табыс етілді.

«DENSAULYQ» денсаулық сақтау ұйымдары жұмыскерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі Түркістан облысы және Шымкент қаласындағы медицина мекемелерінде еңбек ететін кәсіподақ мүшелерінің балаларына дәстүрлі «Бірінші сыныпқа – бірінші рет!» акциясын өткізді. Бұл шараның негізгі мақсаты – мектеп табалдырығын алғаш аттайтын бүлдіршіндерді оқу құралдарымен қамтамасыз етіп, жаңа оқу жылына дайындық кезеңін жеңілдету.

Жаңа оқу жылы – әрбір отбасы үшін ерекше кезең. Баланың мектепке алғаш қадам басуы – үлкен жауапкершілік пен толқыныс сәті. Осы орайда «DENSAULYQ» денсаулық сақтау ұйымдары жұмыскерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырып отырған «Бірінші сыныпқа – бірінші рет!» акциясы ата-аналарға да, балаларға да үлкен қуаныш сыйлады.

Биылғы акция аясында 256 бірінші сынып оқушысына мектепке қажетті құрал-жабдықтары салынған сөмкелер табысталды. Сөмкелер құрамында оқу процесіне қажет барлық жабдықтар – дәптерлер, қалам-қарындаштар, сурет салу құралдары, сызғыштар мен бояулар бар. Бұл – кәсіподақ тарапынан жыл сайын көрсетілетін қолдаудың бір көрінісі.

Іс-шара барысында кәсіподақ төрағасы Сакен Арыстанұлы Катбаев ата-аналар мен балаларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, акцияның маңыздылығына тоқталды:

«Бұл бастама – біздің ұйымның жобаларының бірі. Бала – отбасының болашағы ғана емес, елдің де ертеңі. Олардың жақсы білім алып, тәрбиелі болып өсуіне жағдай жасау – қоғам алдындағы ортақ міндетіміз. Кәсіподақ мүшелерін қолдау және олардың балаларына лайықты жағдай жасау – біздің тұрақты басымдығымыз болып қала береді», – деді ол.

Акцияға қатысқан ата-аналар кәсіподақтың осындай дәстүрлі бастамаларына ризашылықтарын білдіріп, бұл көмектің жаңа оқу жылына дайындық кезінде үлкен демеу екенін атап өтті. Балалардың мектепке деген қызығушылығы артып, қуанышты көңіл-күймен қабылдағаны да іс-шараның мәнін айқындай түсті.

Кәсіподақ ұйымы алдағы уақытта да «Бірінші сыныпқа – бірінші рет» акциясын тұрақты негізде жалғастырып, денсаулық сақтау саласы қызметкерлерін және олардың отбасыларын қолдауға бағытталған жобаларды жүйелі түрде іске асыруды жоспарлап отыр.