Наверх
«QazMed» медицина және онымен сабақтас салалар қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» республикалық қоғамдық бірлестігі

Тіліңізді таңдаңыз

Медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру және ҚР ҚК 317-бабы: құқықтық теңгерімсіздік

2026 жылы Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне және Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне толықтырулар енгізу туралы» Заңы күшіне енеді, аталған заң медициналық қызметкерлер мен жедел медициналық жәрдем жүргізушілерін кәсіби қызметін атқару кезінде қорғауды күшейтуге бағытталған.

Алайда бұл заң жобасы медицина қызметкерлердің мәртебесін нығайту және оларды ҚР ҚК 317-бабы бойынша кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін қылмыстық қудалаудан қорғау мәселелерін толық шешпейді. Бұл жағдай Мемлекет басшысының 2020 жылғы

27 мамырда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында медициналық қызметкерлердің қылмыстық жауапкершілігін декриминализациялау қажеттігі туралы берген тапсырмасына қарамастан орын алып отыр.

Президент кәсіптік міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін міндетті қылмыстық жауапкершілікті сақтаудың қаншалықты орынды екеніне сыни тұрғыдан қарау қажеттігін атап өткен болатын.

2024 жылы медицина қызметкерлердің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыруға қатысты заңнамалық актілер қабылданды. Оларға сәйкес, сақтандыру жағдайы туындаған кезде дәрігердің әрекеті немесе әрекетсіздігі әрі сараптамалық комиссияда, әрі сотта қаралады.

Бұл ретте пациент пен дәрігер дауды сотқа дейін реттеу мүмкіндігіне ие, ал зардап шеккен адам сақтандыру төлемін ала алады.

Соған қарамастан, парадоксты әрі қайшылықты жағдай қалыптасты: күн сайын пациенттердің өмірін сақтап жүрген дәрігерлер «қос қысымға» ұшырап отыр — бір жағынан сақтандыру жағдайының салдарымен, екінші жағынан, пациентке келтірілген зиян өтелсе де, ҚР ҚК 317-бабы бойынша қылмыстық істің қозғалуы қаупімен бетпе-бет келеді.

Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, медициналық «немқұрайлылық» үшін қылмыстық жауапкершілік, әдетте, қолданылмайды. Мұндай жағдайлар азаматтық-құқықтық немесе сақтандыру жүйесі аясында реттеледі. Негізгі назар кәсіби жауапкершілікке аударылады, қажет болған жағдайда тіпті медициналық дипломнан айыруға дейінгі шаралар қолданылады.

«QazMed» кәсіподағы кәсіптік жауапкершілікті сақтандыру енгізілген жағдайда ҚР ҚК 317-бабын алып тастау мәселесін көтеру қажет деген ұстанымда болды, оның ішінде қосарланған жазалауды болдырмау үшін.

Сондай-ақ біз бұл шешімдердің азаматтық және медициналық қоғамдастықта кеңінен талқыланбай қабылдануына қарсы шықтық.

Нәтижесінде «QazMed» өкілдері, оның ішінде Біртанов Е.А., жұмыс тобының құрамынан шығарылды. Барлық уәждерді ескере отырып, заң жобасын Үкіметке қайта қарауға қайтарып, енгізіліп жатқан өзгерістердің салдарын мұқият талдау ұсынылды.

Біздің ұсыныстарымызды жұмыс тобында қалған басқа медицина қызметкерлердің салалық кәсіподақтары қолдайды деп үміттендік.

Алайда, үлкен өкінішке орай, олардың барлығы заң жобасын оның соңғы редакциясында, ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабын сақтай отырып, қолдады, ал жобаны әзірлеушілер бұл кәсіподақтардың дауыстары ескерілген деп түсіндірді.

Бұл, «QazMed» ұсынған еліміздің медицина қызметкерлерінің біріккен кәсіподақтарын құру туралы ұсыныстан бас тарту мен бөлшектіліктің салдары болып табылады.

Кеше Сенаттың шешімін қолдағанымызбен, тоқтап қалуға болмайды — медицина қызметкерлерге қатысты қылмыстық қудалауды декриминализациялау және ҚР ҚК 317-бабын алып тастау бағытындағы ортақ жұмысты жалғастыру қажет.