Наверх
«QazMed» медицина және онымен сабақтас салалар қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» республикалық қоғамдық бірлестігі

Тіліңізді таңдаңыз

Наурыз мерекесіне орай кәсіподақ мүшелеріне азық-түлік себеттері табысталды «QazMed» салалық кәсіподағының мүшелік ұйымы болып табылатын

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсаңында «QazMed» салалық кәсіподағының мүшелік ұйымы болып табылатын  «DENSAULYQ» Денсаулық сақтау ұйымдары жұмыскерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі дәстүрлі әлеуметтік қолдау шарасын ұйымдастырды. Іс-шара аясында Түркістан облысының және Шымкент қаласының медициналық мекемелерінде қызмет атқаратын кәсіподақ мүшелеріне азық-түлік себеттері таратылды. Жалпы саны 340 кәсіподақ мүшесі қамтылды.

Бұл бастама медицина қызметкерлеріне мерекелік көңіл-күй сыйлап, олардың әлеуметтік жағдайын қолдауға бағытталған. Азық-түлік себеттерінің құрамына күнделікті тұрмыста қажетті негізгі өнімдер енгізіліп, олар кәсіподақ мүшелеріне арнайы ұйымдастырылған түрде табысталды.

«DENSAULYQ» денсаулық сақтау ұйымдары жұмыскерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Катбаев Сакен Арыстанұлы Наурыз мейрамының бірлік пен ізгіліктің символы екенін атап өтіп, кәсіподақтың басты мақсаты – сала қызметкерлерінің құқықтарын қорғаумен қатар, олардың әлеуметтік тұрғыдан қолдау табуына ықпал ету екенін жеткізді. Оның айтуынша, мұндай шаралар кәсіподақ ұйымының дәстүрлі жұмысының бір бөлігі болып табылады.

Азық-түлік себеттерін табыстау барысында Түркістан облысының және Шымкент қаласының медициналық мекемелерінің қызметкерлері кәсіподақ тарапынан көрсетілген қолдауға ризашылықтарын білдірді. Кәсіподақ мүшелері бұл бастаманың мереке қарсаңында ерекше көңіл-күй сыйлағанын және ұйым тарапынан көрсетіліп отырған қамқорлықтың маңызды екенін атап өтті.

Кәсіподақ төрағасы Катбаев Сакен Арыстанұлы өз сөзінде мұндай әлеуметтік қолдау шаралары алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтып, медицина қызметкерлеріне кәсіби табыс пен отбасыларына амандық тіледі.

Осылайша, Наурыз мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған бұл қайырымдылық акциясы «DENSAULYQ» кәсіподағының медицина қызметкерлеріне деген қамқорлығы мен қолдауының айқын көрінісі болды.