Шымкент қаласында өткен «DENSAULYQ» денсаулық сақтау ұйымдары жұмыскерлерінің жергілікті кәсіподақ қоғамдық бірлестігінің III конференциясы өз жұмысын жоғары деңгейде өткізді. Конференцияға бастауыш кәсіподақ ұйымдарының делегаттары және «QazMed» медицина және онымен сабақтас салалар қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Матишев Ә.Б., кәсіподақ кеңесшісі Біртанов Е.А. және Жамбыл облысы бойынша филиал төрағасы Махашов Н.О. қатысты.
Конференцияның ашылуында «DENSAULYQ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Катбаев Сакен Арыстанұлы сөз алып, күн тәртібіндегі мәселелерді таныстырды. Бұл кезеңде кәсіподақтың Атқару комитеті мен бақылау-тексеру комиссиясының орындалған жұмыстары тыңдалды. Кәсіподақтың медицина қызметкерлерінің әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғауда атқарған жұмыстары баяндалды. Медициналық ұйымдарда еңбекті қорғау шараларының күшейтілгені және қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында жүргізілген бірқатар білім беру іс-шаралары мен заңгерлік кеңестер делегаттар арасында жоғары бағаланды.
Конференцияда сөз алған «QazMed» медицина және онымен сабақтас салалар қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Матишев Алиакпар Болатұлы «DENSAULYQ» кәсіподақтың медицина қызметкерлерінің құқықтарын қорғаудағы жұмысына жоғары баға беріп, қазіргі таңда «QazMed» республикалық бірлестігінің құрамындағы ірі жергілікті кәсіподақтардың бірі – «DENSAULYQ» қоғамдық бірлестігі өз қызметін жүйелі әрі нәтижелі түрде жүргізіп жатқанын атап өтті. Ол бірге атқарған еңбектің нәтижесі мен қол жеткізген оң шешімдер барлығымыз үшін үлкен мақтаныш әрі маңызды жетістік болып табылатынын, сонымен қатар, осы жұмыстарды сапалы және уақытылы жүзеге асырып отырғанын, ұйымның тұрақты әрі нәтижелі жұмысы кәсіподақ қозғалысының дамуына айтарлықтай әсер еткенін жеткізді.
«QazMed» кәсіподағының кеңесшісі Біртанов Елжан Амантайұлы да өз сөзінде Түркістан облысында атқарылып жатқан айрықша нәтижелі жұмыстарды атап өтті. «DENSAULYQ» кәсіподағын басқарып отырған Сакен Арыстанұлы әрқашан халықтың әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғауда өз білімін, біліктілігін жұмсап келеді. Оның жетекшілігімен біз кәсіподақтың жұмысына жаңа серпін беріп, одан әрі дамыта аламыз. Бірігіп, қол жеткізген жетістіктерімізден болашақта көп нәрсені жүзеге асыра аламыз. Сондықтан да, өз біліміміз бен тәжірибемізді қолдана отырып, халықтың игілігі үшін жұмыс істеуіміз маңызды. Жаңа өзгерістер мен мүмкіндіктерге әрқашан ашық болайық, бірге дамып, өзіміздің кәсіподақтық ұйымымызды жаңа деңгейге көтерейік- деп ойын білдірді. Сондай-ақ делегаттардың сұрақтарына жауап берді.
Делегаттар өздерінің пікірлерін білдіріп, пікір алмасу арқылы маңызды шешімдер қабылдады.
Есептік баяндамаларды тыңдау барысында Мырзатаева Шолпан Бахадырқызы мен Алимбетов Марат Нұрханұлы кәсіподақ қозғалысының үлкен жетістіктерін атап өтіп, атқарылған жұмыстың маңыздылығына оң бағаларын берді. Олардың сөздерінен кәсіподақтың үздіксіз дамуы мен медицина қызметкерлерінің құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстың жоғары дәрежесі айқын сезілді. Сонымен қатар, сайлау рәсімі жүргізіліп, Жарғыға енгізілген өзгерістер бірауыздан қабылданды.
Конференция жоғары деңгейде өтіп, делегаттар бірлесе отырып кәсіподақ жұмысының маңыздылығын тағы да дәлелдеді. Делегаттар осындай маңызды кездесулердің ұжымдық ынтымақтастықты нығайтып, саладағы өзекті мәселелерді шешуге мүмкіндік беретінін айтты. «DENSAULYQ» кәсіподағының жүйелі жұмысы мен ортақ мақсатқа ұмтылуы денсаулық сақтау саласының дамуына айтарлықтай үлес қосып келеді.
Бұдан шығатын қорытынды – кәсіподақ жұмысы барша денсаулық сақтау қызметкерлерінің еңбек жағдайларын жақсартуға, құқықтарын қорғауға және кәсіби өсуіне бағытталған ұтымды қадамдар жасауды жалғастырады. Осылайша, әрбір маманның құқықтары қорғалып, елімізде денсаулық сақтау саласы бойынша үздік нәтижелерге жету мүмкіндігіне қол жеткіземіз.