«AMANAT» партиясы екінші жыл қатарынан денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға арналған «ДәрігерTalks» жобасын жүзеге асырып келеді. Бұл – депутаттар мен Денсаулық сақтау министрлігінің назарын қажет ететін салалық проблемалар ашық талқыланатын диалог алаңы. Кезекті кездесуде негізгі назар ауыл медицинасының дамуына, эндокринологиялық және неонатологиялық көмекті жетілдіруге, медициналық туризм мен телемедицинаны дамытуға, алғашқы медициналық-санитариялық көмек пен нейрохирургия саласын жетілдіруге аударылды.
Іс-шара барысында өз ісіне адал, кәсіби деңгейі жоғары бірқатар медицина қызметкерлері марапатталды. Олардың қатарында – «Qamqor» Ақтөбе денсаулық сақтау кәсіподақ"қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сабыр Қайрат Қанатұлы да бар. Оған «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісін табыстады. Сонымен қатар М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің радиология кафедрасының меңгерушісі Ерболат Ізтлеуовке Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова «Мейірім – жүректен» төсбелгісін табыстады.
«QazMed» салалық кәсіподағы барша марапат иелерін шын жүректен құттықтайды.
Әсіресе, Сабыр Қайрат Қанатұлының белсенді кәсіподақтық қызметін ерекше атап өткіміз келеді. Оның еңбек құқығы мен медицина қызметкерлерінің мүддесін қорғауға бағытталған бастамалары кәсіподақ қозғалысын дамытуға елеулі үлес қосатынына және «QazMed» салалық кәсіподағымен бірлескен жемісті жұмыстың негізі боларына сеніміміз мол.