Наверх
«QAZMED медицина және сабақтас салалар қызметкерлерінің салалық кәсіподақ одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі

Тіліңізді таңдаңыз

«QazMed» кәсіподақ өкілдерінің Астана қаласының No6 қалалық емханасының ұжымымен кездесуі

11 сәуір күні Астана қаласындағы «№6 қалалық емхана» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында медицина қызметкерлерінің «QazMed» медицина және онымен сабақтас салалар қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» республикалық салалық бірлестігінің төрағасы Алиақпар Болатұлы Матишевпен және кәсіподақ кеңесшісі Елжан Амантайұлы Біртановпен кездесуі өтті.

Іс-шараның басты мақсаты – ұжым мүшелерін «QazMed» кәсіподағының қызметімен таныстыру және денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді талқылау болды.

Өз сөзінде Алиақпар Матишев кәсіподақтың құрылу тарихы, негізгі міндеттері мен бағыттары туралы кеңінен баяндап берді. Ол «QazMed» ұйымының басты мақсаты – медицина қызметкерлерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау екенін атап өтті және бұл мақсат әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтпағанын жеткізді.

Елжан Амантайұлы өз әріптестеріне сәлем беріп,еліміздің денсаулық сақтау жүйесіндегі қазіргі жағдай туралы пікірін білдірді. Сондай-ақ, ол медициналық қауымдастықтың құқықтарын қорғауда кәсіподақтардың маңызды рөлін атап өтіп, Денсаулық сақтау министрлігі мен кәсіподақтар арасында тығыз әрі тұрақты байланыс орнату қажеттігін баса айтты.

Сонымен қатар, ол медицина қызметкерлерінің міндетті кәсіби жауапкершілігі туралы заң жобасын талқылау аясындағы кәсіподақтың жұмысына назар аударды. «QazMed» кәсіподағы бұл заң жобасының кейбір ережелерін декриминализациялау қажеттігін алға тартып, оның бастапқы нұсқасын қабылдауға болмайтынын айтты. Заң жобасын толықтыру және медициналық әрі азаматтық қоғамның қатысуымен кеңінен талқылау қажет болғанымен, Елжан Біртановтың айтуынша, кәсіподақтың ұсыныстары ескерілмеген.

Сондай-ақ, Елжан Амантаұлы қазіргі таңда денсаулық сақтау жүйесінде салалық кәсіподақтар арасында заңнамалық жұмыстарға қатысты бірыңғай ұстанымның жоқтығын, бұл медицина қызметкерлерінің жалпы жағдайына кері әсер ететінін атап өтті. «QazMed» үш салалық кәсіподақты біріктіру туралы ұсыныс білдіргенімен, бұл бастама өзге кәсіподақ басшылары тарапынан қолдау таппады.

Емхана  директоры Динара Сатжановна Байсеркина баяндамашыларға өзекті ақпаратпен бөліскені үшін алғыс білдіріп, медицина қызметкерлеріне құқықтық қолдау көрсетудің аса қажет екенін атап өтті. Ол сондай-ақ қызметкерлер кездесетін кейбір стандарттан тыс жағдайлардан мысал келтірді.

Кездесудің қорытындысында Динара Сатжановна мекеме бойынша шағын экскурсия өткізіп, көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыру, техникалық жабдықтарды жаңғырту және білікті мамандардың кетуін болдырмау мақсатында жасалып жатқан жұмыстар туралы айтты.