2026 жылғы 9 қазанда Түркістан қаласы «QazMed» салалық кәсіподағының алғашқы Республикалық Спартакиадасын өткізу орталығы ғана емес, сонымен қатар инновациялық цифрлық жоба — QazMedAI қосымшасының өңірлердегі алғашқы таныстырылымы өткен маңызды алаңға айналды. Бұл қосымша медицина қызметкерлерін қолдауға, олардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғауға бағытталған.
Таныстырылым «DENSAULYQ» денсаулық сақтау ұйымдары қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп ұйымдастырылды. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, кәсіподақ қозғалысының өкілдері мен медицина қауымдастығының мүшелері қатысты.
Іс-шараға Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, Түркістан облысының Денсаулық сақтау басқармасы басшысының емдеу-профилактикалық қызметті үйлестіру жөніндегі орынбасары Жанболат Ділдәбеков, «Түркістан облысының кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Өмрали Бердіғали, сондай-ақ құрметті қонақтар мен медицина қызметкерлері қатысты.
Кездесуді «DENSAULYQ» жергілікті кәсіподағының төрағасы Сәкен Қатбаев жүргізді.
Жаңа цифрлық шешімнің мүмкіндіктері мен даму перспективалары туралы «QazMed» салалық кәсіподағының төрағасы Алиақпар Матишев, «QazMed» республикалық қоғамдық бірлестігінің кеңесшісі әрі QazMedAI жобасының авторы Елжан Біртанов, сондай-ақ жобаның сәулетшісі және әзірлеушісі Олжас Әбішев баяндады.
Таныстырылым кәсіподақтық қолдаудың цифрлық құралдарын дамыту жолындағы маңызды қадам болды. QazMedAI медицина қызметкерлерінің құқықтық ақпаратқа қол жеткізуін жеңілдетуге, құжаттар дайындауға көмектесуге, сондай-ақ еңбек және әлеуметтік құқықтарға қатысты мәселелер бойынша қосымша цифрлық қолдау көрсетуге арналған.
Жобаның Түркістанда таныстырылуы «QazMed» салалық кәсіподағының өз қызметіне заманауи технологияларды енгізуге, кәсіподақтық көмекті әрбір мүшеге қолжетімді, жедел әрі ыңғайлы етуге ұмтылысын көрсетті.