Облыстық қоғамдық кеңес Президиумының отырысында ең көп талқыланған мәселелердің бірі Ақмола облысының медицина қызметкерлеріне 2025 жылы әлеуметтік төлемдерді беру жағдайы болды.
Аталған мәселе бойынша «QazMed» РҚБ-ның мүшелік ұйымы болып табылатын «SENIM» жергілікті кәсіподағының төрағасы Серік Қабдушұлы Какенов өз ұстанымын ашық әрі қағидатты түрде білдірді. Ол көптеген жылдар бойы өңірдегі кәсіподақ қозғалысының белсенді көшбасшыларының бірі ретінде медицина қызметкерлерінің еңбек, әлеуметтік және кәсіби құқықтарын дәйекті түрде қорғап келеді.
Отырыс барысында Серік Қабдушұлы медицина қызметкерлеріне әлеуметтік төлемдердің кешіктірілу себептеріне жан-жақты талдау жасап, Қоғамдық кеңес мүшелерінің назарын денсаулық сақтау саласы қызметкерлері алдындағы мемлекет қабылдаған міндеттемелердің уақытылы орындалуының маңыздылығына аударды. Әсіресе, медицина кадрларының тапшылығы өзекті болып отырған ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларға жұмысқа келген мамандарды қолдау мәселесіне ерекше назар аударылды.
Отырысқа қатысушылар әлеуметтік маңызы бар мәселелерді талқылауда кәсіподақ қауымдастығының белсенді қатысуының маңызын атап өтті. «SENIM» кәсіподағы мен оның төрағасының дәйекті ұстанымының арқасында медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау мәселелері жоғары қоғамдық деңгейде көтеріліп, кеңінен талқыланды.
Отырыста денсаулық сақтау саласынан бөлек, жерлеу орындарын абаттандыру мәселелері қаралып, жылыту маусымының қорытындылары шығарылды және алдағы қысқы кезеңге дайындық шаралары талқыланды.
Отырыс қорытындысы бойынша Қоғамдық кеңес тарапынан қызметкерлерді әлеуметтік қолдау тетіктерін жетілдіруге және өңірдің өзекті мәселелерін шешуге бағытталған бірқатар ұсынымдар әзірленді.