12 мамыр – Халықаралық мейіргер күні қарсаңында Тараз қаласында Жамбыл облысының денсаулық сақтау мекемелерінің мейіргерлері арасында «Облыстың үздік мейіргері – 2025» атты кәсіби шеберлік байқауы ұйымдастырылды. Аталған шараға өңірдің әр түкпірінен келген 200-ге жуық медицина қызметкері қатысып, үміткерлерге қолдау білдірді.
Бұл байқау – мейіргер мамандығының маңыздылығын насихаттап, қатысушылардың кәсіби біліктілігі мен тәжірибесін танытуға арналған алаң ғана емес, сонымен қатар ақ халатты жандардың еңбегіне көрсетілген құрметтің жарқын көрінісі болды. Сайысқа 12 мейіргер қатысып, бірнеше кезең бойынша білімін, білігін және шеберлігін сынға салды.
Шараны ұйымдастыруға "QazMed" салалық кәсіподағы белсенді түрде атсалысты. Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Нұрлан Махашов байқауға арнайы қатысып, қатысушыларға алғысын білдіріп, олардың денсаулық сақтау саласына қосып жүрген еңбегін жоғары бағалады.
Байқау қорытындысы бойынша Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының мейіргері Айдарова Гулфарида Орынбасарқызы үздік деп танылды. Оның еңбегі ескерусіз қалмай, Нұрлан Махашов "QazMed" кәсіподағы тарапынан 200 мың теңге көлеміндегі сертификатпен марапаттады. Сонымен қатар, барлық қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары табыстады.Айта кетерлігі, жеңімпаз қызмет ететін аурухана жуырда ғана "QazMed" кәсіподағының құрамына кірген болатын. Бұл – медициналық қауымдастықтың ұйымға деген сенімі мен қолдауының артып келе жатқанын айқын көрсетеді.
Аталған байқау Жамбыл облысы медицина қауымдастығының бірлігі мен ынтымағын, сондай-ақ мейіргер мамандығына деген терең құрметті айқын көрсетті.