Медициналық қауымдастыққа пациенттер тарапынан агрессиялық жағдайлардың жиілеуі аясында медицина қызметкерлерінің құқықтық қорғалу мәселесі ерекше өзекті болып отыр. Осыған байланысты мамандардың құқықтық сауатын жүйелі түрде арттыру мен кәсіби мүдделерін қорғаудың маңызы бұрынғыдан да арта түсті.
Осы мәселелерге арналған семинар-кеңес 31 шілде күні Тараз қаласында өтті. Шараны «QazMed» медицина және онымен сабақтас салалар қызметкерлерінің салалық кәсіподағы" республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. «Денсаулық сақтау жүйесіндегі өзекті құқықтық мәселелер» тақырыбы қазіргі жағдайдағы кәсіби тәуекелдер мен жаңа сын-қатерлерге байланысты айрықша маңызға ие.
Жамбыл облысындағы мемлекеттік медицина мекемелерінің бас дәрігерлері Тараз қалалық көпбейінді ауруханасының конференц-залында бас қосты.
Семинарды Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Сәрсенбекұлы Назарбек ашты. Ол еліміздің денсаулық сақтау саласының танымал тұлғаларының аймаққа келуі – үлкен мәртебе екенін атап өтті. Сонымен қатар, мұндай кездесулер медицина ұйымдары басшыларының құқықтық сауатын арттыруға ықпал ететінін айтты. «Өткен жылы Мемлекет басшысы медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігі туралы Заңға қол қойды. Осы заңды түсіндіру мен медициналық қауымдастыққа жеткізуде кәсіподақтардың рөлі ерекше», – деді ол.
«QazMed» салалық кәсіподағының төрағасы Алиакпар Болатұлы Матишев өз сөзінде Сержан Сәрсенбекұлын жаңа қызметімен құттықтап, оның кәсібилігіне сенім білдіріп, отандық медицина саласына сәтті еңбек тіледі. Ол «QazMed» кәсіподағының қызмет бағыттарына тоқталып, қазіргі уақытта Жамбыл облысында үш медициналық ұйымды біріктіретін филиал жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Мұндай семинарлар – заңгерлер мен мемлекеттік органдар өкілдерімен ашық пікір алмасып, нақты ақпарат алуға мүмкіндік беретін маңызды диалог алаңы екенін жеткізді.
Семинарды «QazMed» кәсіподағының кеңесшісі, мемлекет және қоғам қайраткері Елжан Амантайұлы Біртанов жалғастырды. Ол Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасына кәсіподақ бастамасына қолдау білдіргені үшін алғыс айтып, «QazMed» кәсіподағының өңірлік қамтуы кең екенін атап өтті. Сондай-ақ ол өңірлік кәсіподақ қозғалысының көшбасшыларын – «DENSAULYQ» және «SENIM» жергілікті кәсіподақтарының төрағалары Сәкен Арыстанович Катбаев (Түркістан облысы) пен Серік Қабдушұлы Какеновты (Ақмола облысы) таныстырды. Аталған өңірлерде медицина қызметкерлерінің кәсіподаққа мүше болуы 100%-ға жуық.
Сондай-ақ, Елжан Амантайұлы соңғы екі жылда белсенді құқықтық қызметінің арқасында мүше санын айтарлықтай арттырған «Almaty-QM» кәсіподағының төрайымы Зауреш Жұманәлиевна Аманжолованы таныстырды.
Жергілікті кәсіподақ жетекшілерінің сөздері қатысушылар арасында үлкен қызығушылық тудырды. Олар денсаулық сақтау саласындағы реформалар мен әлеуметтік шиеленістің артуы жағдайында кәсіподақтардың құқық пен мүддені қорғаудағы шешуші рөлін атап өтті. Әлеуметтік қолдауды күшейту, құқықтық оқыту және медицина қызметкерлері, жұмыс берушілер мен кәсіподақтар арасындағы ынтымақтастықты нығайту бойынша нақты ұсыныстар айтылды.
Облыстық көпбейінді аурухананың бас дәрігері Марат Сейтбекұлы Жуманқұлов та қатысушыларға ізгі тілегін жеткізіп, кәсіподақтардың еңбек құқықтарын қорғаумен қатар, еліміздің денсаулық сақтау саласында тұрақты әрі кәсіби ортаны қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын айтты.
Семинардың практикалық бөлігін медицина құқығы бойынша маман Талғат Жұмағазин жүргізді. Ол дәрігерлерді құқықтық қорғау тетіктерін, даулы жағдайларда әрекет ету алгоритмдерін, қадағалау органдары мен жұмыс берушілермен өзара әрекеттесу ерекшеліктерін жан-жақты түсіндірді. Қатысушылар еңбек қауіпсіздігі, құжат жүргізу, кәсіби этика және қызметтік даулар кезіндегі қорғану бойынша нақты ұсыныстар алды.
Семинар барысында медицина қызметкерлері белсенді пікір алмасып, өз тәжірибелерінен мысалдар келтіріп, сұрақтар қойып, ұсыныстарын ортаға салды. Көпшілігі шараның мазмұнды өткенін атап өтіп, ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.
Семинарды Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Нұрлан Оразқұлұлы Махашов қорытындылады. Ол медицина ұйымдарының басшыларына кәсіподақ бастамасын қолдағаны және айтылған өзекті ұсыныстары үшін ризашылығын білдіріп, олардың барлығы «QazMed»-тің алдағы жұмысына ескерілетінін жеткізді.