Бастауыш кәсіподақ ұйымының бюджеті қызметкерлердің жалақысынан аударылатын 1% мөлшеріндегі мүшелік жарналардан қалыптасады. Бұл қаражат мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізуге, материалдық көмек көрсетуге, қызметкерлердің денсаулығын жақсартуға, санаторийлік жолдамалар сатып алуға және бастауыш кәсіподақ ұйымы айқындайтын басқа да мақсаттарға жұмсалады. Сондықтан кәсіподақтың тиімділігі тікелей қаржы көлемі мен оның әділ бөлінуіне байланысты.
Алайда жиналған қаражаттың едәуір бөлігі ұжымның өзінде қалмай, жоғары тұрған кәсіподақ ұйымдарын қамтамасыз етуге бағытталады. Мысалы, кейбір республикалық қоғамдық бірлестіктерге кіретін бастауыш кәсіподақ ұйымдары өз қаражаттарының 35-40%-ын жоғары тұрған ұйымдарға аударып, өздеріне небәрі 60-65%-ын ғана қалдырады. Бұл жағдай кәсіподақ мүшелері үшін жолдамалардың жеткіліксіздігіне және іс-шараларды қаржыландырудың аздығына алып келеді.
Кәсіподақ қаражатын әділ бөлудің маңыздылығын ескере отырып, «QazMed» медицина және онымен сабақтас салалар қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» республикалық қоғамдық бірлестігі бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен өзара қарым-қатынаста жаңа қаржылық модель енгізді.
Енді мүшелік жарналардың 90% бастауыш кәсіподақ ұйымдарының өздерінде қалады, ал тек 10% «QazMed» РҚБ кәсіподақ белсенділерін оқытуға, заңгерлік қолдау көрсетуге және бірлескен іс-шараларды өткізуге бағытталады.
Бұл өзгерістер кәсіподақ ұйымдарының қаржылық мүмкіндіктерін едәуір арттырып, қызметкерлерге әлеуметтік қолдау көрсетуге кең жол ашады.