Наверх
«QazMed» медицина және онымен сабақтас салалар қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» республикалық қоғамдық бірлестігі

Тіліңізді таңдаңыз

Медицина қызметкерінің мәртебесі: сенім мен қылмыстық жауапкершілік арасында

Өкінішке қарай, медицинадағы ең маңызды құндылықтардың бірі — дәрігердің ішкі сенімділігіне, әдептілігіне, адалдығы мен сенімділігіне негізделген сенім жоғалып барады.

Бұған басты себеп — кәсіптік міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікті белгілейтін ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабының болуы.

Сын сағатта, кейде үмітсіз жағдайда науқастың өмірін сақтап қалуға ұмтылған дәрігер стандартты хаттамалар шеңберінен шығатын, тәуекелді шешімдер қабылдауға мәжбүр болады. Алайда адам өмірін құтқару ниетінен туындаған ақталған тәуекелдің өзі кейіннен салғырттық немесе кәсіптік міндеттерді тиісінше орындамау ретінде бағаланып, дәрігерді қылмыстық қудалау қаупіне ұшыратуы мүмкін. Қылмыстық бап бар кезде жауапкершіліктен қорқу сезімі науқасты құтқаруға деген ұмтылыстан басым түсуі ықтимал.

Қоғам дәрігерлердің әдейі қателеспейтінін түсініп, қабылдауы тиіс.

2020 жылғы 27 мамырда Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында былай деп тапсырма берген болатын: «Жақында ғана қазақстандық медицина туралы кез келген сөз «дәрігерлік қателіктер» үшін әділетсіз қылмыстық қудалау мәселесін туындататын. Бұл тәжірибені қайта қарау керек. Жоғарыда айтылғандар, әрине, дәрігерлерді азаматтардың өмірі мен денсаулығы үшін жауапкершіліктен босатпайды, бірақ мұндай жауапкершілік әлемнің дамыған елдеріндегідей әкімшілік және азаматтық-құқықтық сипатта болуы тиіс. Медицина қызметкерлерін құқықтық және қаржылық қорғау мен жауапкершілік жүйесін, соның ішінде кәсіптік жауапкершілікті кепілдендіруді әзірлеп, енгізуді тапсырамын» (дәйексөздің соңы).

Президент кәсіптік міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін міндетті қылмыстық жауапкершілікті сақтаудың орындылығын сыни тұрғыдан бағалау қажеттігін атап өтті. 2024 жылы медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру туралы заңнамалық актілер қабылданып, науқас пен дәрігерге дауды сотқа дейін реттеу, ал зардап шегушіге сақтандыру төлемін алу мүмкіндігі берілгеннен кейін, ҚР ҚК 317-бабының өзектілігі мен негізділігі жойылды.

Соған қарамастан, кереғар әрі қайшылықты жағдай қалыптасты: науқастардың өмірін сақтап қалған дәрігерлер қос соққының астында қалуда — бір жағынан, сақтандыру жағдайының туындау салдарынан, екінші жағынан, науқасқа келтірілген залал өтелген күннің өзінде қылмыстық іс қозғалуынан.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, медициналық «салғырттық» үшін қылмыстық жауапкершілік, әдетте, қарастырылмайды, ал мұндай жағдайларды реттеу азаматтық-құқықтық немесе сақтандыру жүйесі шеңберінде жүзеге асырылады. Негізгі басымдық медициналық дипломнан айыруға дейін баратын кәсіптік жауапкершілікке беріледі. Мемлекет басшысы дәл осындай тәжірибеге ерекше назар аударған еді.

«QazMed» медицина қызметкерлерінің салалық кәсіподағы «Әділет» партиясының медицина қызметкерлерінің мәртебесі туралы заң жобасын әзірлеу және азаматтық әрі медициналық қоғамдастықта талқылау ұйымдастыру жөніндегі бастамасын қолдайды.

Осы тұста қоғамдық бірлестіктер мен сарапшылардың дәрігерлерді қылмыстық жазалау әдістерін жетілдіруді талқылап, бірақ оларды толығымен алып тастау мәселесін іс жүзінде көтермейтіні назар аудартады. Оның орындылығын түбегейлі қайта қараудың орнына, тек косметикалық жөндеу ғана ұсынылуда.

«QazMed» кәсіподағы қылмыстық қудалауды ізгілендіруді (декриминализациялауды) және ҚР ҚК 317-бабының күшін жоюды жақтайды, өйткені оны кез келген нысанда сақтау қарастырылып отырған заң жобасында медицина қызметкерлерін қорғау мен олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ қоғамның оларға деген сенімін қалпына келтіру мәселесін шешпейді.