Күнделікті әлеуметтік желілердегі жазбаларды қараған сайын, біз денсаулық сақтау саласының нақты жағдайын көріп отырмыз. Бұл – құрғақ статистика емес, денсаулық сақтау жүйесінде жұмыс істеп жүрген адамдардың шынайы өмірі. Әртүрлі мамандықтағы медицина қызметкерлерінің жанайқайы, кәсіби қажу туралы ойлары, пациенттердің агрессиясына қатысты оқиғалар, жұмыс орнындағы қиындықтар – мұның бәрі жүйедегі күйді айқын көрсетеді.
Әрине, салада оң өзгерістер жоқ емес. Қиын операциялар жасалып жатыр, жаңа технологиялар енгізілуде, ауыл-аймақта жаңа нысандар ашылуда, мамандар оқытылып, біліктілігі арттырылуда. Бірақ осы өзгерістердің барлығы күнделікті өмірдегі күрделі мәселелерді жоя алмай отыр. Төмен жалақы, жалақының кешіктірілуі, тозған құрал-жабдық, кадр тапшылығы, моральдық және физикалық шаршау – бұл шындықты ешбір жаңалық көмескілей алмайды. Бұған қоса, Медициналық сақтандыру қорының айыппұлдары медициналық ұйымдардың қаржысын қысқартып, олардың мүмкіндіктерін одан әрі шектеп отыр. Тіпті өзіне тән емес міндеттер – халықты МӘМС жүйесіне қатысуға агитациялау сияқты жұмыстар да қосымша жүктеме болып отыр.
Осындай жағдайда Денсаулық сақтау министрлігінің «медицина қызметкерлерінің орташа жалақысы 440 мың теңге» деген мәлімдемелері шынайы жағдайдан алшақ көрінеді. Орташа жалақы – ресми есеп үшін ғана ыңғайлы сан, ал нақты жұмыс істеп жүрген мыңдаған дәрігер, фельдшер, медбике, зертхана қызметкерлері бұдан әлдеқайда төмен табыс алады. Сол себепті көпшілігі қосымша жұмыс істеуге мәжбүр.
Шынайы көріністі көрсету үшін еңбекақыны нақты қызмет санаттары бойынша бөлек жариялау қажет: дәрігер, медбике, жедел жәрдем, зиянды жағдайда еңбек ететін маман, обаға қарсы қызмет, санитариялық дәрігер, лаборант, сондай-ақ медициналық білімі жоқ, бірақ жүйеде жұмыс істейтін мамандар.
Денсаулық сақтау саласын қаржыландыру, жалақыны көтеру және еңбек жағдайын жақсарту мәселелері жиі «экономикалық ахуал» мен «бюджеттік шектеулер» деген уәжбен тоқтайды. Бірақ денсаулық сақтау – үнемдеуге болатын сала емес. Қаржының жеткіліксіздігі қызмет сапасына тікелей әсер етеді, медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігіне қауіп төндіреді, кадрлардың кетуін күшейтеді.
Бүгінде министрліктің мәселелерді шешудегі ұстанымы жеткілікті дәрежеде табанды емес. Саладағы жүктеме артып келе жатқан кезде, бюджеттік сұраныстарды негіздеу, денсаулық сақтау жүйесінің қажеттіліктерін қорғау, медициналық қызметкерлердің мүддесін талапшыл түрде жеткізу өте маңызды.
Үнемдеудің белгілі бір шегі бар. Сол шектен асқанда – кадрлар жүйеден кетеді, медициналық көмектің сапасы төмендейді, пациенттермен жанжалдар көбейеді және қызметкерлердің физикалық қауіпсіздігіне нақты қатер туады.
Сондықтан бұл мәселені сөзбен емес, нақты жүйелі шешімдермен қолға алу қажет. Денсаулық сақтау жүйесінде наразылық көңіл-күйінің күшеюіне жол бермес үшін батыл әрі уақтылы шаралар қажет.