29 шілде және 6 тамыз күндері «QazMed» салалық кәсіподағы кәсіподақ мүшелеріне арналған «Жанжал жағдайындағы пациентпен жұмыс істеу» тақырыбында онлайн оқыту семинарын өткізді.
Семинар спикері – «Медицинское право» ЖШС басшысы, құқық магистрі, Қазақстан Республикасы Заң консультанттары палатасының мүшесі, «QazMed» кәсіподағының серіктесі Алексей Алексеевич Жирков.
Онлайн семинарға еліміздің өңірлері мен елордасынан 200-ден астам денсаулық сақтау қызметкері – дәрігерлер, медициналық ұйымдардың заңгерлері және кәсіподақ көшбасшылары қатысты.
Оқыту барысында қатысушылар күнделікті жұмыс тәжірибесінде кездесетін нақты жағдайларға негізделген практикалық кеңестер мен іс-әрекет алгоритмдерін алды. Атап айтқанда, мына мәселелер қарастырылды:
- пациентпен жанжал туындаған кезде дұрыс әрекет ету және жағдайдың ушығуына жол бермеу;
- медицина қызметкерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
- құқықтық қорғау үшін қажетті құжаттарды дұрыс рәсімдеу;
- пациенттердің шағымдарына сауатты әрі заң талаптарына сәйкес жауап беру;
- қандай жағдайларда пациентті қабылдауды басқа уақытқа ауыстыруға болатыны;
- медициналық көмек көрсетуден ақпараттандырылған бас тартуды рәсімдеу тәртібі;
- аудио және бейнежазба жасау, материалдарды әлеуметтік желілерде жариялау және дербес деректерді тарату кезінде пациенттер мен медицина қызметкерлерінің құқықтары.
Семинар барысында маңызды мәселеге ерекше назар аударылды: медицина қызметкерінің ең тиімді құқықтық қорғанысы сотта емес, пациентпен қарым-қатынас орнатқан алғашқы сәттен басталады. Сабырлы қарым-қатынас, өз құқықтары мен заң талаптарын білу, сондай-ақ медициналық құжаттаманы дұрыс рәсімдеу көптеген даулы жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Қатысушылар семинардың практикалық маңызын, материалдың түсінікті әрі қолжетімді түрде ұсынылғанын және берілген ұсынымдардың күнделікті кәсіби қызметте қолдануға болатындығын атап өтті.
Осындай оқыту семинарларын өткізу – денсаулық сақтау қызметкерлерінің құқықтық сауаттылығын арттыруға, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға және кәсіби сенімділігін нығайтуға бағытталған «QazMed» кәсіподағы қызметінің маңызды бағыттарының бірі.