Наверх
«QazMed» медицина және онымен сабақтас салалар қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» республикалық қоғамдық бірлестігі

Тіліңізді таңдаңыз

«QazMed» салалық кәсіподағының өкілдері Республикалық кәсіподақтар форумына қатысты

18–19 қараша күндері Павлодар қаласында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы мен Қазақстан Халық Кеңесінің бірлесіп ұйымдастыруымен «Еңбек адамы – Ел бірлігінің тірегі» атты екі күндік Республикалық кәсіподақтар форумы өтті.

Форум жұмысына «QazMed» медицина және онымен сабақтас салалар қызметкерлерінің салалық кәсіподағының өкілдері, сондай-ақ кәсіподақ көшбасшылары мен белсенділері, еңбек ұжымдарының өкілдері, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, Құрылтай депутаттары, сарапшылар мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Форумның басты тақырыбы — еңбек адамы, оның әл-ауқаты, лайықты еңбек жағдайлары, әлеуметтік қорғалуы және ел болашағын қалыптастыруға қатысуы.

Форумды ашқан Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин кәсіподақ қозғалысы бірлігінің, қызметкерлердің қоғамдық диалогқа белсенді қатысуының және тікелей еңбек ұжымдарынан туындайтын бастамаларды ілгерілетудің маңыздылығын атап өтті.

Алғашқы күн аясында лайықты еңбек пен жұмыс істейтін отбасылардың әл-ауқатына, қоғамдық диалогты дамытуға, сондай-ақ технологиялық өзгерістер мен жасанды интеллектінің еңбек саласына әсеріне арналған үш тақырыптық пікірталас алаңы өтті.

Талқылаулардың қорытындысы бойынша қызметкерлердің ұсыныстарын біріктіруге және оларды жалпыұлттық шешімдер деңгейіне шығаруға бағытталған «Еңбек адамының үні. Қазақстанның еңбек ұжымдары мен кәсіподақтарының 25 жалпыұлттық бастамасы» атты құжат қабылданды.

«QazMed» салалық кәсіподағы өкілдерінің форумға қатысуы жалпыұлттық кәсіподақ күн тәртібі аясында денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің мүдделерін ілгерілету, еңбек адамының еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғауға бағытталған ұсыныстар әзірлеу мен бастамаларды қолдау жөніндегі жұмыстың жалғасы болды.