Емханалардағы учаскелерде жұмыс істейтін медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру туралы Үкімет қаулысының жобасы жарияланды. Керемет жаңалық! Президенттің тапсырмасы орындала бастады!
Дегенмен бірнеше сұрақ туындайды.
1. Жалақы кімдерге көтеріледі?
Қаулы жобасының атауында жалақыны көтеру мемлекеттік емханалардың қызметкерлеріне қатысты екені анық көрсетілген. Ал бүгінде Қазақстанның әрбір екінші тұрғыны ЖЕКЕМЕНШІК емханаға тіркелген. Бұл емханалар да өздеріне тіркелген халыққа бірыңғай стандарт пен бірыңғай тарифтер бойынша медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсетеді. Өйткені «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс азаматтарға дәрігерді таңдау және өздері қалаған емханаға тіркелу құқығын береді.
1-сұрақ. Жекеменшік емханаларда жұмыс істейтін учаскелік дәрігерлер мен мейіргерлердің жалақысы қалай болмақ?
2. Жалақы қандай тетік арқылы көтеріледі?
Меніңше, медицина қызметкерлерінің жалақысы медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) деңгейінде қолданылатын жан басына шаққандағы тарифті және басқа да тарифтерді, соның ішінде күндізгі стационар тарифін көтеру арқылы өседі. Алайда қаулы жобасында Үкіметтің тарифтерді көтеру туралы тікелей тапсырмасы жоқ.
2-сұрақ. Президент өз тапсырмасында айтқан медицина қызметкерлерінің барлығына көтерілген жалақының төленуі қалай қамтамасыз етіледі?
3-сұрақ. Тарифтер көтерілгеннен кейін жекеменшік емхана да өз медицина қызметкерлерінің жалақысын тиісінше өсірсе, бұл заң бұзушылық, яғни қаражатты мақсатсыз пайдалану деп бағаланбай ма? Бұл сұрақты прокуратура органдарына қойып отырмын, өйткені олар жекеменшік емханаларды тұрақты түрде тексереді.
Бір жайтты бірден айта кету керек. Қабылданған шешімге сәйкес, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында емханаға тіркеліп, алғашқы медициналық көмекті толық көлемде алу мүмкіндігі тек сақтандырылған азаматтарға беріледі. Олар ел халқының 80%-ын құрайды. Алайда МӘМС қаражатын толығымен бюджет қаражаты деп санауға болмайды. Ол азаматтарды медициналық сақтандыру үшін төленетін жарналар мен аударымдардан құралады. Президент тапсырмасының орындалуы алдағы уақытта тексерілгенде, осы жайтты да ескерген жөн.
Аталған сұрақтар «QazMed» кәсіподағының атынан қаулы жобасын әзірлеген органға жолданады.